Tesla Қытайда есік тұтқаларына байланысты 3 млн көлігін кері қайтарады

АСТАНА. KAZINFORM - Tesla Қытайда есік тұтқаларындағы ықтимал ақауға байланысты шамамен 3 млн электромобилін кері қайтарады. Аталған ақау төтенше жағдайда көліктің есігін ашуды қиындатуы мүмкін. Бұл Tesla компаниясының Қытайдағы тарихындағы ең ірі кері қайтарып алу науқаны болмақ, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

Photo credit: Pexels

Компания бұл туралы Қытай Халық Республикасының Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасына хабарлаған.

Кері қайтарып алу Қытайда шығарылған Model 3 седандарына, сондай-ақ елге импортталған Model S және Model X көліктеріне қатысты.

Кейбір автокөліктердің механикалық есік тұтқалары салон бөлшектерімен бір түстес болып келеді.

Сол себепті оларды, әсіресе жол-көлік оқиғасы кезінде, тез тауып пайдалану қиын болуы мүмкін.

Tesla есік тұтқаларын айқынырақ ету үшін оларға түрлі түсті жапсырмалар орнатуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар компания терезелерді төтенше жағдайда түсіру жүйесінің бағдарламалық жасақтамасын жаңартады.

Тағы бір кері қайтарып алу науқаны 2,73 млн Model Y және Model 3 көлігін қамтиды.

Tesla автопилотты пайдалану кезінде жүргізушінің назарын бақылайтын жүйені жаңартпақ.

Компания Шанхайдағы зауытында Model 3, Model Y және Model Y L үлгілерін шығарады.

Қытайдағы кәсіпорында Model 3 өндірісі 2019 жылы басталды.

2020 жылдың қазан айынан бастап бұл модельдер Еуропа елдеріне экспорттала бастады.

Бұған дейін Tesla 2026 жылдың бірінші тоқсанында әлемдік электромобильдер нарығындағы көшбасшылық орнын қайта иеленгені хабарланған болатын.

Қытайдағы автокөлік өндірушілері сатып алушыларды тарту үшін төмен пайызды автонесиелер мен бастапқы деңгейдегі модельдерге қосымша жабдықтар ұсыну сияқты ынталандыру шараларын белсенді қолданып келеді.

Мәселен, Tesla-ның Қытайдағы бөлімшесі Model 3 және Model Y сатып алушыларға бастапқы жарнадан кейін айына 2 мың юаньнан аз төлем жасауға мүмкіндік беретін, жылдық мөлшерлемесі 1,36 пайыз болатын жеті жылдық несие ұсынған.

Осыған деійін Tesla сатылымы төмендеп бара жатқаны туралы жаздық.