TikTok ата-аналарға балаларын бақылаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — TikTok жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту үшін ата-ана бақылауын кеңейтіп, ЖИ көмегімен жасалған контентті анықтайтын жаңа құралдарды енгізді. Сондай-ақ платформа адамның сыртқы келбетін келісімінсіз пайдаланатын жасанды интеллект материалдарын анықтау тетігін іске қоспақ.

Фото: Kazinform/ЖИ

TikTok жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту үшін ата-ана бақылауын кеңейтіп, ЖИ көмегімен жасалған контентті анықтайтын жаңа құралдарды енгізді. Сондай-ақ платформа адамның сыртқы келбетін келісімінсіз пайдаланатын жасанды интеллект материалдарын анықтау тетігін іске қоспақ.

Платформаның жаңартылған «Отбасылық баптаулар» функциясы ата-аналарға жасөспірімдердің цифрлық белсенділігі туралы толығырақ ақпарат алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, олар баласының TikTok-та өткізетін уақытын, жазылымдары мен жазылушылар санын, қызығушылық танытатын контентін және жариялаған ашық бейнероликтерін көре алады.

Сонымен қатар ата-аналар жасөспірімнің түнгі уақытта платформада қанша уақыт өткізетінін және бұғаттаған аккаунттарын бақылай алады. Бұл ақпарат күн сайын жаңартылып отырады. Жаңартылған функция веб-нұсқада да қолжетімді болады.

TikTok жасөспірім суицид немесе өзіне зиян келтіру тақырыптарын бірнеше рет іздеген жағдайда ата-анасына хабарлама жіберетін ескерту жүйесін де әзірлеп жатыр. Хабарламамен бірге мұндай жағдайды баламен қалай талқылауға болатыны жөнінде ұсынымдар беріледі.

ЖИ көмегімен жасалған контентті анықтау

Платформадағы тағы бір жаңалық — сурет пен бейненің жасанды интеллект көмегімен жасалғанын немесе өңделгенін анықтайтын құрал. Оны TikTok аккаунты жоқ адамдар да пайдалана алады. Ол үшін материалды платформаның Ашықтық орталығы арқылы жүктеу қажет.

Контентті тексеру кезінде цифрлық белгілер мен арнайы көрінбейтін сутаңбалар қолданылады. Олар материалды жүктеу немесе өңдеу барысында жойылуы қиын болатындай әзірленген. TikTok мәліметінше, платформада ЖИ көмегімен жасалған 5 миллиардтан астам бейнероликке арнайы белгі қойылған.

Креаторлардың бейнесін келісімсіз пайдаланудан қорғау

TikTok Likeness Detection деп аталатын жаңа құралды да кезең-кезеңімен енгізбек. Ол креаторлар мен қоғам қайраткерлерінің сыртқы келбеті келісімінсіз пайдаланылған ЖИ контентін анықтауға арналған.

Құралды пайдалану үшін авторлар платформаның үшінші тарап серіктесі арқылы жеке басын растауы керек. Бұдан кейін олар өз бейнесі пайдаланылған материалдар туралы хабарлама алып, күмәнді контентті тексеріп, Қауымдастық ережелерін бұзған жарияланымдарға шағым түсіре алады. TikTok пайдаланушылардың жеке басын куәландыратын құжаттарын сақтамайтынын мәлімдеді.

Бұған қоса, платформа мұғалімдерге арналған цифрлық қауіпсіздік нұсқаулығын әзірледі. Онда онлайн қауіпсіздік, медиасауаттылық және жасөспірімдердің цифрлық әл-ауқаты мәселелерін оқушылармен талқылауға арналған ұсынымдар қамтылған.

TikTok мәліметінше, жаңа құралдар ата-аналарға жасөспірімдердің цифрлық белсенділігін бақылауға, ал пайдаланушылар мен контент авторларына ЖИ көмегімен жасалған материалдарды анықтап, өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жақында TikTok танымал тұлғалардың бейнесі қолданылған дипфейктерді анықтайтын функцияны іске қосқан болатын.