TikTok танымал тұлғалардың бейнесі қолданылған дипфейктерді анықтайтын функцияны іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM — TikTok әлеуметтік желісі танымал тұлғаларға өз бейнесін пайдаланып, жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті анықтауға мүмкіндік беретін Likeness Detection жаңа функциясын кезең-кезеңімен іске қоса бастады. Бұл туралы Euronews жазды.

TikTok
Фото: Euronews

Жаңа құрал ең әуелі саясаткерлерге, мемлекеттік органдар өкілдеріне және саяси партияларға арналған. Ол адамның келісімінсіз оның сыртқы келбетін пайдаланып, жасанды интеллект арқылы жасалған суреттер мен видеоларды анықтауға көмектеседі.

Функцияны қосу үшін пайдаланушылар үшінші тарап серіктесі арқылы жеке басын растауы керек. Осыдан кейін жүйе олардың бейнесі пайдаланылуы мүмкін жарияланымдар мен аккаунттар туралы хабарлама жіберіп отырады.

Осындай материалдар анықталған жағдайда, пайдаланушылар TikTok қауіпсіздік қызметіне тікелей шағым жолдап, оларды тексеруге өтініш бере алады.

Бұл функция Еуропада жалған ақпарат пен дипфейктердің таралуы күшейген тұста, соның ішінде сайлау науқандары кезінде іске қосылып отыр.

Сонымен қатар TikTok Identify AI-Generated Content атты тегін құралды таныстырды. Ол суреттердің, видеолардың және аудиожазбалардың ByteDance компаниясының CapCut, Dreamina, Hypic және Pippit сияқты сервистері арқылы жасалғанын немесе өңделгенін тексеруге мүмкіндік береді.

Сервис файлдардың метадеректері мен көзге көрінбейтін цифрлық сутаңбаларды талдайды. Тексеру қызметін TikTok аккаунты жоқ пайдаланушылар да қолдана алады.

Алайда компания бұл құрал TikTok пен ByteDance-тің өз технологиялары арқылы жасалған немесе өңделген материалдарды ғана анықтай алатынын ескертті. Сондықтан жасанды интеллект жасаған барлық контентті табуға кепілдік бермейді.

Компанияның мәліметінше, тексеруге жүктелген файлдар талдау аяқталғаннан кейін бірден өшіріледі және жасанды интеллект модельдерін оқытуға пайдаланылмайды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда үш айда 1,37 миллион TikTok видеосы өшірілгенін хабарлаған едік.