TikTok-тағы әрекеті үшін қазақстандық стример психикалық денсаулық орталығына жатқызылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысы Байзақ ауданының 41 жастағы тұрғыны Лайло Касымова TikTok желісінде «Алтын қыз» деген атпен танымал. Ол тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Фото: Pexels

Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, стрим кезінде Лайло Қасымова кәмелетке толмаған балаларына да дөрекі сөздер айтқан.

— Ескерту жасалғанына қарамастан, әйел мұндай әрекетін жалғастыра берген, — деп хабарлады тәртіп сақшылары.

Осыдан кейін 41 жастағы әйел психикалық денсаулық орталығына жатқызылды. Полиция оның балаларының тұрмыс жағдайын да тексерген. Қазір балалар әкесінің қарауында.

Айта кетейік, бұған дейін, TikТok-тағы тікелей эфирде бейәдеп сөз айтқан қызылордалық бойжеткен жазаланғанын жазған едік.