«Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы қайғылы оқиға кезінде екі ақтөбелік тұрғын қаза тапты. Олар: майор Данияр Қоңырбай және ефрейтор Өмірхан Қауқаев. Өмірхан Қауқаевтың туыстары Мәртөк ауданының, Мәртөк ауылында тұрады. Ол Ақтау қаласының 30153 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет еткен. 28 жастағы жігіттің бір ұлы бар. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес, қаза болғандардың туған-туыстарына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіледі», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Еске салайық, 27 наурыз күні кешке Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады.Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған 4 әскери тікұшақ құрамында болған. Барлық экипаж мүшесі - 13 адам қаза тапты.
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдері мен фотосуреттерін жариялады.