АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 205-ракеткасы Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысының жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының ширек финалында рейтингіде 230-орындағы бельгиялық, 20 жастағы Жиль-Арно Байимен шеберлік байқасты.
Матч 6:4, 6:2 есебімен Скатовтың пайдасына шешілді.
Бәсеке сағат жарымнан астам уақытқа созылды.
Тимофей Скатов іріктеу турнирінің финалына шығу үшін әлемнің 137-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның АҚШ ашық чемпионатында миксте өнер көрсетпейтінін жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде көшбасшылық орнын сақтап қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).