Тимофей Скатов Португалиядағы турнирде қарсыласын камбэкпен ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 163-ракеткасы Тимофей Скатов Эшторил (Португалия) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.

Фото: ktf.kz

Т.Скатов іріктеу сайысының финалында жеңіліп қалғанымен, турнирді ұйымдастырушылар оған тағы бір мүмкіндік берді.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 98-ракеткасы, нидерландылық Йеспер Де Йонгқа тап келді.

Бірінші партияда нидерландылық теннисші айқын басымдылық танытты – 6:1.

Бұдан кейін Т.Скатов камбэк жасай білді – 6:4, 6:3.

Екі сағат 28 минутқа созылған тартысты бәсекеде Скатов эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаға асырды. Йеспер Де Йонг 15 эйс, 5 брейкпен (17 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Осылайша, сенсациялық жеңіске қол жеткізген Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен таласады.

Т.Скатов қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 150-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Германиядағы жарыста жергілікті теннисшіні жеңгенін жазған едік.