АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 172-ракеткасы Тимофей Скатов Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.
Іріктеу сайысында 2-ракетка болып тіркелген Тимофей Скатов үндістандық Анируд Чандрасекармен бетпе-бет келді.
Қазақстандық теннисші қарсыласын қиналмай жеңді — 6:4, 6:2.
Бір сағатта аяқталған бәсекеде Т.Скатов 3 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Үндістандық спортшы 2 эйспен шектелді.
Тимофей Скатов іріктеу сайысының финалында әлемнің 198-ракеткасы, украиналық Виталий Сачкомен ойнайды. Оны ұтқан жағдайда негізгі жарысқа жолдама алады.
Жүлде қоры 612 620 еуроға бағаланған аталмыш дода 13-19 шілде аралығында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Астана турнирінің финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Аружан Сағындықова Астанадағы жарыстың финалында ойнайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).