ТМД аумағында өткізілген іс-шара барысында іздеуде жүрген 304 қылмыскер анықталды - ІІМ

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің аумағында өткізілген «Іздестіру» бірлескен іс-шарасы барысында іздеуде жүрген 304 қылмыскер анықталды.

Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Жедел-алдын алу шаралары Қылмыс жасағаны үшін айыпталып, алдын ала тексеру, тергеу және сот органдарынан бой тасалап жүрген тұлғаларды іздестіру әрі ұстау, сондай-ақ, із-түссіз жоғалғандардың жүрген жерін анықтау мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің аумағында «Іздестіру» бірлескен іс-шарасы өткізілді. Шара барысында іздеуде жүрген 304 қылмыскер анықталып, ұсталды, оның 17-сі республика аумағынан тыс жерлерде қолға түсті», - деп атап өтті Н.Ораз.

Оның ақпараты бойынша, қазақстандық полицейлер іздеуде жүрген 60 қылмыскерді ұстады. Осы негізде Астана қаласында көршілес мемлекеттің азаматы құрықталды. Оған Ташкент қаласының ІІБ 2006 жылы адам саудасымен айналысқаны үшін іздеу жарияланған. Іс-шара барысында Ресей Федерациясының Ставрополь өлкесінен 2011 жылдың қазанында Өскемен қаласында тапсырыспен адам өлтіруді ұйымдастырған Қазақстан азаматын қолға түсіру мүмкін болды.