ТМД-дан келген еңбек мигранттары салық төлейтін болады

АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - ТМД елдерінен келген еңбек мигранттары үшін жаңа ережелер енгізілді. Бүгін көші-қон үдерістерін мемлекеттік реттеуді жетілдіруге қатысты өзгерістер мен толықтырулар туралы Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Гүлвира Дөненбаева әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, шетелден жұмысшыларды тарту жөніндегі жеңілдетілген рұқсатнаманы тек жеке тұлғалар ғана қолдана алады.

«Оңайлатылған тәртіп бойынша шетел азаматтары жеке тұлғаларда ғана жұмыс істей алады. Бір азамат өзінің үй шаруашылығына бестен көп емес еңбек мигранттарын шақыртуға құқығы бар. Кәсіпкерлерге бұл тәртіп қолданылмайды», - деп атап өтті ол.

Рұқсат берілген әрбір айға жеке табыс салығы бойынша 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 3704 теңге көлемінде алдын ала төлем жасалуы тиіс. Рұқсат 1 айдан 3 айға дейін мерзімге беріледі.

«Еңбек мигранттарының жалпы келу мерзімі бір жылдан аспауы керек. Одан көп мерзімге рұқсат беру ұзартылмайды. Шетел азаматы Қазақстаннан шығуы тиіс, сонан соң жаңа рұқсат беру өткен мерзімнен бір айдан соң ғана рәсімделеді», - деді Г.Дөненбаева.

Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінде жеке тұлғаларға сәйкес рұқсатынсыз еңбек мигранттарын тартқаны, сонымен қатар үй шаруашылығын атқаруға бестен көп еңбек мигранттарымен еңбек келісімшарттарын жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Алғашқы рет осындай құқық бұзушылық үшін кінәлілер 30 айлық жалақылық көрсеткіш көлемінде (55 560 теңге), қайталанған жағдайда - 50 АЖК (92 600 теңге) айыппұл төлейді.