ТМД-ға қатысушы мемлекеттер бас прокурорлары Үйлестіру кеңесінің төрағасы болып Ю.Чайка сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан ТМД-ға мүше мемлекеттер бас прокурорлары Үйлестіру кеңесінің 25-ші отырысында аталған кеңестің төрағасы болып РФ Бас прокуроры Юрий Чайка қайта сайланды.

Сонымен қатар кеңестің келесі, 26-шы отырысын Беларусь астанасы Минск қаласында өткізу туралы шешім қабылданды. Мұнан бөлек, жиынға қатысушылар Үйлестіру кеңесінің туы мен эмблемасы туралы ережелерді, БПҮК Салықтық тергеу органдары басшыларының Үйлестіру кеңесімен және ТМД елдерінің Қаржылық барлау бөлімшелері басшыларының кеңесімен өзара әрекеттерін регламенттейтін құжаттарды мақұлдады.

Талқылау нәтижелері бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттер Бас прокуратураларының басшылары алдағы кезеңде халықаралық ынтымақтастық саласында, прокурорлық қадағалаудың негізгі бағыттары жөніндгі оң тәжірибе алуды жалғастыру және оларды тәжірибелік қызметте пайдалануда басым міндеттерді анықтайтын күн тәртібінің барлық мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдады.