Төбеден су ағып тұр: ШҚО-да көпбалалы отбасыларға берілген үйлерде ақау бар

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында көпбалалы отбасылардың «Баспаналы болдық!» деген қуанышы ұзаққа созылмады. Олар үйлерінің төбелерінен аққан суды шелектеп шығарып, әбден әуре-сарсаңға түсіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Зайсан қаласы тұрғындарынан

Бұл туралы былтыр да жазған едік. Сол кезде әкімдік араласып, мердігер компания жұмысшылары үйлердің төбесіндегі су аққан жерлерге көбік құйып, мәселені шешкендей болған. Бірақ биыл күз түсе салысымен үйлердің төбесінен тағы да су сорғалады.

«Өткен аптада бірнеше күн бойы тоқтаусыз жаңбыр жауды. Соның салдарынан 10 шақты үйдің төбесінен су ақты. Суды қайта-қайта шелектеп шығаруға мәжбүр болдық. Былтыр басталған бұл мәселе биыл тағы жалғасты. Жалпы, үйлер әу баста сапасыз салынған. Төбесі тым жұқа. Тіпті желдің гуілі естіледі», - дейді көпбалалы ана Әсемгүл Бауыржанқызы.

Бұл үйлер көпбалалы отбасыларға біржола берілмеген. Олар мұнда жалдамалы пәтер ретінде тұрып жатыр. Осы ретте, аудан әкімдігіне хабарласып көрдік. Бұл 18 қос пәтерлі, яғни 36 үй «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында жеке құрылысшылармен жасалған меморандум негізінде салынып, 2020 жылы коммуналдық меншікке сатып алынған.

«Қаражат облыстық бюджет есебінен бөлінген. Үйлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан көпбалалы отбасыларға жалға берілген. Жалдау құны пәтердің ауданына байланысты айына 18 000-20 000 теңге аралығында. Үйлерді бірнеше жеке құрылысшы салды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң тұрғын үйлерді арнайы комиссия қабылдап алған жоқ, себебі бұл үйлер жеке құрылысшылар тарапынан салынғандықтан, қолданысқа да өздері енгізді. Үйдің сапасы қанағаттанарлық жағдайда болды», - деген жауап алдық.

Ал, үйлерді комиссия қабылдап алмағаны қаншалықты заңды? Мұны анықтау үшін ШҚО Құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ахмамбетовке жолықтық.

«Бұл көпқабатты емес, жер үйлер болғандықтан, оны комиссия қабылдап алмайды. Үйлерді жеке компания өз қаражатына салған, ал әкімдік одан дайын үйлерді сатып алған, яғни ешқандай заң бұзушылық жоқ. Бірақ осы 2023 жылдан бастап заңға өзгеріс енгізілді. Енді «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен салынған жер үйлерді сатып алмас бұрын Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының қызметкерлері оның сапасына тексеру жүргізеді. Ал Зайсан қаласында 2020 жылы бұл үйлерді салғанда ондай талап болмады», - деп түсіндірді ол.

Фото: Зайсан қаласы тұрғындарынан

Алдын ала болжам бойынша құрылыс жұмыстары кезінде кемшіліктер кеткен, сол себепті де 11 үйдің төбесінен су ағып тұр.

«Кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге хат жолданады. Егер олардың тарапынан еш әрекет болмаса, сотқа талап арыз беріледі. Заң бойынша төбесінен су аққан үйлер апаттық жағдайда деп танылмайды. Үйлер тұрғындардың қыстай отырып шығуына жарамды», - делінген әкімдік жауабында.