Төбелестен кейін 3 жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға түсті

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы қаласында дәмханалардың бірінде студенттер арасындағы ұрыс-керістің соңы дене жарақаттарымен аяқталды.

Жанжал нәтижесінде көптеген пышақ жарақаттарымен үш жігіт ауруханаға жеткізілді.

Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Қалалық ІІД Жедел басқару орталығына Әуезов ауданындағы бір дәмханада төбелес болып жатқандығы жөнінде ақпарат түседі де, полицияның күзет жасақтары оқиға орнында 16-17 жас аралығындағы төрт жігітті қолға түсіреді. Олардың біреуі 11-сынып оқушысы, ал қалғандары - студенттер. Бұзақылық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда», - деп атап өтті Н.Ораз.