«Төбесіне металл конструкция құлаған елорда тұрғыны қайтыс болды. Қайғылы оқиға 22 қазанда болған еді. Төтенше жағдайдан зардап шеккен 1965 жылы туған әйел №2 қалалық көпбейінді ауруханаға өте ауыр жағдайда түсті. Пациентке ми операциясы жасалды, өкінішке қарай, оң динамика бермеді. Сондай-ақ, реанимациялық шараларға қарамастан, науқасты құтқару мүмкін болмады», - деп хабарланды басқармадан.
Еске сала кетейік, 22 қазан күні Нұр-Сұлтанда көпқабатты үй шатырынан металл конструкция құлады.
Оқыс оқиға салдарынан 56 жастағы әйел түрлі жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті.
Сондай-ақ, қалалық полиция департаменті болған оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын хабарлады.
Кейін елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы науқастың өте ауыр халде екенін және оған тиісті медициналық көмектің көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.