Арменияда робототехника мен жасанды интеллект ұлттық орталығы құрылады

АСТАНА. KAZINFORM — Арменияда робототехника мен физикалық жасанды интеллектіні дамытуға арналған ARPI ұлттық орталығы ашылады. Жоба ғылыми зерттеулерді дамытуға, инженер мамандар даярлауға және жаңа технологияларды әзірлеуге бағытталған. Бұл туралы агенттіктің меншікті тілшісі Armenpress басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Фото: News.am

Жоба Есептеу ғылымдары мен жасанды интеллект саласындағы озық зерттеулер агенттігі (ARCS∙ai), Арменияның Америка университеті, Ереван мемлекеттік университеті және Ұлттық политехникалық университетінің бірлесуімен жүзеге асырылады.

Орталық жыл сайын физикалық жасанды интеллект бағыты бойынша шамамен 50 маман даярлауды жоспарлап отыр. Білім беру бағдарламасының алғашқы кезеңі басталып та кетті. Оған Арменияның Америка университеті мен Ереван мемлекеттік университетінің 30 студенті қатысып жатыр.

Оқу бағдарламасы аясында робот механикасы, басқару жүйелері, цифрлық егіздер және басқа да бағыттарды қамтитын тоғыз арнайы курс әзірленген. Ал 2027 жылы Арменияның Америка университетінде физикалық жасанды интеллект бойынша магистратура бағдарламасын ашу жоспарланып отыр.

Фото: roboticsandautomationnews.com

Орталықтың негізгі ғылыми-зерттеу алаңы Арменияның Америка университетіндегі робототехника зертханасы болады. Оны құруға және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге 500 мың АҚШ доллары бөлінеді деп жоспарланған.

Зертхана робот-манипуляторлармен, мобильді роботтармен, виртуалды шындық технологияларымен және ұшқышсыз ұшу аппараттарын сынауға арналған жүйемен жабдықталады. Сонымен қатар жасанды интеллект модельдерін оқыту және роботтардың жұмысын модельдеу үшін NVIDIA графикалық процессорлары пайдаланылады.

Орталықтың білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарына 14 оқытушы қатысады. Олардың арасында АҚШ пен Еуропаның университеттері мен ғылыми орталықтарынан шақырылған мамандар да бар.

Жоба аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға да басымдық берілмек. ARCS∙ai Германияның Agile Robots, АҚШ-тың FieldAI және Швейцарияның KM-RoBoTa робототехника компанияларымен, сондай-ақ Калифорния технологиялық институты мен ETH Zurich сияқты шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік орнату мәселесін талқылап жатыр.

Айта кетейік, биыл тамызда Арменияның Раздан қаласында Firebird компаниясының жасанды интеллект фабрикасы ресми түрде ашылған болатын.

Айта кетейік, Армения үкіметінің 2031 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары бекітілді.