Тоқаев білім саласындағы дау-дамайды сынады: Айқай-шу мен даңғазаны тыңдауға мәжбүрміз

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынға алды. Президент бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалардың мұндай тартыстарға араласуы білім жүйесіне пайда әкелмейтінін айтып, сөз таластырудан гөрі нақты іске көшіп, балалардың болашағына бағытталған ұсыныстарға басымдық беруге шақырды.

Фото: Ақорда

— Білім жолы — сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз — бір, мүддеміз — ортақ екенін естен шығармаған абзал, — деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болатынын еске салды. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды.

— Мұндай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда. Әрине, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру — бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру — тіптен басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық. Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент «Өрлеу» орталығын сынға алып, педагогтерді аттестациялау талаптарын жеңілдетуді тапсырған еді.

Елімізге тағы бес мыңнан астам мұғалім жетіспейді.

Сондай-ақ Президент еліміздегі мектеп құрылысын жандандыруды тапсырды.