Тоқаев: Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — егемендік тарихындағы айтулы оқиға
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — егемендік тарихындағы айтулы оқиға. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — егемендік тарихындағы айтулы оқиға. Бұл мерейтой әр азаматтың бақ-берекесін арттыру жолында ұлтымызды ұйыстыратын маңызды белеске айналады деп сенемін. Біз халқымыздың береке-бірлігін нығайтуға үлес қосқан азаматтарымызға әрдайым құрмет көрсетеміз. Отыз жылда жеткен жетістіктеріміз осындай абзал жандардың еселі еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Жұртымыз үшін ең үлкен марапат — елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ. Береке-бірлігімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай. Еліміздегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассамблея мүшелері табанды еңбек етіп келеді. Мен баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Алдағы уақытта да ел игілігін арттыруға мол үлес қоса бересіздер деп сенемін. Ассамблеяның мерейтойы құтты болсын! Бірлігіміз бекем болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қастерлі Отанымыз — Қазақстан жасай берсін! , — деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр.
Сессия барысында Мемлекет басшысы этносаралық қатынас мәселесін ешқашан саясат құралына айналдыруға болмайтынын, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылатынын бас айтты.