Тоқаев Қазақстан құрамасын Көшпенділер ойындарындағы табысты өнерімен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

Фото: Kazinform

— Президент осынау жоғары нәтижеге спортшыларымыз тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және барша мамандарға шынайы ризашылығын жеткізіп, мұндай ерен жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретінде халықаралық беделін асқақтата түсетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың ең беделді сайыстарда биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді, — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жалпыкомандалық есепте бірінші орынмен аяқтады.

Байрақты доданың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан екінші орынға, жеті алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға тұрақтады.