Тоқаев мұғалімдерді қағазбастылықтан, аттестациядан және пайдасыз тексерістерден босатуды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, артық аттестация талаптары мен пайдасыз тексерістерден босатуды тапсырды. Сондай-ақ педагогтерді жөндеу жұмыстарына және оқу процесіне қатысы жоқ қоғамдық іс-шараларға тартуға да жол бермеу керектігі айтылды.

Фото: Pexels

Президенттің айтуынша, білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Яғни бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріледі. Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады.

— Әсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек, — деп атап өтті Қ. Тоқаев.

Дегенмен мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады.

— Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды. Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу процесін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынаған еді.

Сонымен бірге Президент тарихи аңыздардың орнына прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажеттігін айтты.