Тарихи аңыздардың орнына прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи аңыздар мен шындыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына прогреске бағытталған білім беру қажеттігін айтты. Бұл бағытта «Келешек мектептері» алдағы үш жылда білім берудің озық тәжірибелері мен инновациялық шешімдері сынақтан өтетін орталыққа айналуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, төмен нәтиже көрсеткен облыстарға нақты көмек көрсетуді, мысалы, арнайы талдау жүргізуді тапсырды.
– Ал Үкімет білім жүйесінің тиімділігін арттыра түсетін жан-жақты зерттелген шешімдер ұсынуға тиіс. Бұл мәселеде жетістікке ие болған мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада республикалық Тамыз кеңесінде.
Бұл ретте құзырлы министрлік орта білім мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуы қажет.
– Мысалы, тарихи аңыздар мен шындыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет. Ал тиісті бағдарламаларды даярлау – министрліктің жедел мақсаты, – деп атап өтті Президент.
«Келешек мектептері» инновациялық шешімдерді енгізу және ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаруы керек.
– Осы орайда Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына зор жауапкершілік жүктеледі. Алдағы үш жылда «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент «Өрлеу» орталығын сынға алып, педагогтерді аттестациялау талаптарын жеңілдетуді тапсырған еді.
Елімізге тағы бес мыңнан астам мұғалім жетіспейді.
Сондай-ақ Президент еліміздегі мектеп құрылысын жандандыруды тапсырды.