Тоқаев пен Ердоған Қазақстан мен Түркия серіктестігін нығайтуға ниетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке — Республика күнімен құттықтады.

Фото: Ақорда

Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады.

Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

— Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша назар аударылды, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары басталды. Айта кетейік, Мемлекет басшысын Анкара қаласындағы Этимесгут әуежайынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған күтіп алған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. 

Анкарада мемлекеттер басшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысатыны хабарланған еді.