АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров мәртебелі меймандарға орталық жұмысының нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық-экономикалық қатынастарды одан әрі жандандыру үшін Орталық қандай мүмкіндіктер ұсына алатынына тоқталды.
АХҚО ашылғаннан бері Қазақстанға 28 миллиард доллардан астам инвестиция тартқан. Орталықта 90 елден 6600-ден астам компания тіркелген.
Екі ел басшыларына ағылшын құқығына негізделген қаржы орталығы юрисдикциясындағы ерекшеліктер, АХҚО-ның қаржы қызметін реттеу комитеттерінің, АХҚО Соты және Халықаралық төрелік орталығының қызметі туралы мәлімет берілді.
Бұдан бөлек, Орталықтың исламдық қаржыландыру саласындағы мүмкіндіктері, сондай-ақ тәулік бойы консультациялық қолдау көрсететін AIDA (AIFC Intelligent Digital Assistant) интеллектуалдық ассистенті жайында баяндалды.
Айта кетейік, бүгін елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты қарсы алу рәсімі өтті.
Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид шағын құрамда келіссөз жүргізді.