Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Оман Сұлтанын қарсы алды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты қарсы алу рәсімі өтті.
Тәуелсіздік сарайына келген мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай сап түзеген Құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Мемлекет басшылары Құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Тәуелсіздік сарайында басталған жоғары деңгейде өтетін келіссөздер барысында тараптар саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылайды деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Оман Сұлтанын елорда әуежайында қарсы алғанын жазған едік. Әуежай залында екі ел басшылары аз-кем әңгімелесті.
— Оман Сұлтандығы экономикасын ілгерілетуде зор табысқа жеткен, халықаралық аренада өте белсенді әрі конструктивті дәнекер мемлекет ретінде белгілі. Еліңіздің өз аймағында, одан тысқары жерлерде, соның ішінде Қазақстанда да беделі биік. Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Алдымызда ынтымақтастық аясын мейлінше кеңейту міндеті тұр, — деген еді Президент.