Мемлекеттер арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Әуежай залында екі ел басшылары аз-кем әңгімелесті. Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан Оман Сұлтанының сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті. 

Мемлекеттер арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін — Президент
Фото: Ақорда


— Оман Сұлтандығы экономикасын ілгерілетуде зор табысқа жеткен, халықаралық аренада өте белсенді әрі конструктивті дәнекер мемлекет ретінде белгілі. Еліңіздің өз аймағында, одан тысқары жерлерде, соның ішінде Қазақстанда да беделі биік. Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Алдымызда ынтымақтастық аясын мейлінше кеңейту міндеті тұр, — деді Президент.

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі келіссөздердің мазмұнды әрі жемісті өтетініне сенім білдірді.

Сапар аясында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізу, бірқатар маңызды құжатқа қол қою, сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қазақ-оман бизнес форумына қатысуы жоспарланған.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты күтіп алды.

5-6 қазан күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид мемлекеттік сапармен келе жатқанын жазған едік.

Жоғары деңгейде өтетін келіссөздер барысында тараптар саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылайды деп жоспарланған.

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары қазақ-оман бизнес форумына қатысады.