Мемлекет басшысы Оман Сұлтанын елорда әуежайында қарсы алды
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты күтіп алды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Қазақстан Республикасы Әскери әуе күштерінің ұшақтары мемлекет шекарасынан елордаға дейін Оман Сұлтаны мінген бортпен қапталдаса ұшты, — делінген хабарламада.
Мәртебелі мейманның келуіне орай ұшу алаңында Құрмет қарауылы ротасы мен Президент оркестрі сап түзеді.
Еске сала кетейік, 5-6 қазан күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид мемлекеттік сапармен келе жатқанын жазған едік.
Жоғары деңгейде өтетін келіссөздер барысында тараптар саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылайды деп жоспарланған.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары қазақ-оман бизнес форумына қатысады.