Тоқаев пен Руто Кения өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесін талқылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан-Кения іскерлік кеңесі құрылуы мүмкін. Бұл туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутомен келіссөздерден кейін БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

— Біз Кения өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесін талқыладық. Сауда-экономикалық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру қажет екенін айттық. Қазақстан-Кения іскерлік кеңесін құру туралы бастама көтердік. Бұл кеңес нақты жобаларды ілгерілетуге, өзара алыс-берісті арттыруға мүмкіндік береді. Мен құрметті мейманға кәсіпкерлердің үлкен тобын Астанаға өзімен бірге алып келгені үшін ризашылығымды білдірдім. Кения еліміздің e-government жүйесіндегі ғарыш және ақпараттық технология салаларындағы жетістігіне қызығушылық танытып отыр. Сапар аясында Руто мырза Әлем АІ халықаралық жасанды интеллект орталығының және Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығының жұмысымен танысады, — деді Президент. 

Мемлекет басшысының атап өтуінше, келіссөздер барысында мәдениет, туризм, білім және ғылым салаларындағы байланыстарға да көңіл бөлінді. Осы ретте Кения табиғатты қорғау және биоалуандықты сақтау мәселесіне айрықша мән беретіне назар аудартқан Президент бұл ұстаным еліміздегі «Таза Қазақстан» идеологиясымен үндес екенін ерекше атап өтті.

— Сондай-ақ бүгін елордамызда Қазақстан-Кения бизнес форумы өтіп жатыр. Осы маңызды жиынға екі елдің іскер азаматтары қатысуда. Бұл іс-шара қос тараптың алыс-берісін одан ары тереңдетуге мүмкіндік берері сөзсіз. Біз Үкіметтерімізге жан-жақты серіктестікті жандандыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар беруге уағдаластық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоны Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өткен еді.