Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Республика күнімен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Түркия Президентіне жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Республика күнімен құттықтады.

– Бұл мереке – түрік халқының бірлігі мен жасампаздығының айқын нышаны, мемлекеттілігі мен тұрақты дамуының мызғымас тұғыры. Сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында Түркия саяси, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық салаларда биік белестерді бағындырып, халықаралық қауымдастықтың қуатты әрі беделді мүшесіне айналды, – делінген жеделхатта.

Президент екі ел арасындағы мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген қарым-қатынас халықтарымыздың игілігі жолында ілгерілей беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның жауапты қызметіне толайым табыс, ал бауырлас Түркия халқына бақ-береке тіледі.

Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары басталған еді.