Тоқаев Сағымбаевты ҰҚК басшысы қызметінен не себепті босатты

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босату туралы шешім қабылдады.

Фото: Ақорда

Бұл жөнінде ҚР Президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

Оның мәлімдеуінше, бұл шешім арнаулы қызметті реформалау міндетін табысты орындау мақсатында басшылық құрамдағы кадрлық ротация қажеттілігін ескере отырып қабылданды.

Ермек Сағымбаевты қызметінен босату туралы шешім қабылдаған кезде Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық оқиғасына қатысы бар тұлғалардың ұсталуын да назарға алған. Президенттің пікірінше, құқық қорғау органдары бірқатар олқылыққа жол берген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де тәртіптік жаза жарияланды.

Сол күні Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жұмыс кеңесін өткізді. Президент министрлікке «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындау кезінде қызметтік тәртіпті нығайтып, полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрам арасында тәрбие жұмысын күшейту қажеттігі ескертілді.

Айта кетейік, бұған дейін Президент ҰҚК-нің жаңа төрағасына бірқатар тапсырма бергенін жазғанбыз.