Тоқаев шекараны демаркациялау туралы: Қытаймен келіссөздер өте қиын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай мен Қазақстанның шекарасын демаркациялау барысындағы келіссөздер өте қиын болды. Бұл жайында «Тәуелсіздік тағылымы» тележобасы барысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен әлемдегі территориясы бойынша 9-ші ел Қазақстанның шекарасын заңды рәсімдеу жайында айтпақпын. Қытай Халық Республикасымен келіссөздер өте ауыр жүргізілді. Ол 1992 жылы басталып, 1994 жылы шекараны өткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. Бірақ, та екі учаске қалды. Ол ескіден қалған мұра еді. 19 ғасырда қол қойылған барлық келісімшартта аталған даулы учаскелердің Қытайға тиесілі екендігі көрсетілген», - деді ол.

Тоқаевтың атап өтуінше, сол келісімшарттардың салдарынан 1 млн. қазақ қазіргі қытай аумағында қалып отыр. Ал Ресей аумағында жатқан Даманский, Тарабаров аралдары Қытай жағында қалып қойған.

«Біздің алдымызда осы территорияларға иелік ету құқығын алу сынды күрделі міндет тұрды. Қытайлықтар бізге бірден: «Бұл даулы учаскелерге байланысты біз 10 мың жыл келіссөз жүргізуге дайынбыз», деді. Ал менің бұл мерзімді қысқартуға бола ма деген сұрағыма олар: «Жақсы, келіссөздерді 1000 жыл жүргіземіз» деп жауап берді. Біздің Нұрсұлтан Әбішұлына жүгінуімізге тура келді. Өйткені, келіссөздер тұйыққа тірелген болатын», - деді Сенат Төрағасы.

Тоқаев өз сөзінде Елбасы ҚХР-дің сол кездегі Төрағасы Цзян Цзэминмен кездесуі барысында бұл проблеманы Гонконг, Тайвань және Қытай армиясының наразылығына қарамастан еліміздің пайдасына шеше алғандығын баса айтты.  Соның нәтижесінде 1996 жылы Қытаймен шекара бөлу туралы келісімшарт жасалып, ал 2002 жылы демаркация туралы шартқа қол қойылды. 

Сонымен қатар ол Ресеймен арадағы шекараны заңды рәсімдеу барысында да қиындықтар болғанын, өйткені, екі ел арасында ешқандай келісімшарттың жасалмағандығын атап өтті.

«Бұған қоса, Мәскеуде «жириновшылар» мен басқа да күштер бұл келісімшартқа қарсы антиқазақстандық науқан жүргізді», - деген Сенат Төрағасы Қазақстан Президентінің РФ Президенті Владимир Путинді шекара мәселесінде өз ығына жыға алғанын баса айтты.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан және Қырғызстанмен арада шекара белгілеу мәселесі де оңайға соқпағандығын баса айтты.

«Шекара адамдардың үйлерінен өтіп, жатын бөлме бізде, асханасы ана жақта қалып қойған жайттар да болды. Келісуге тура келді. Бұл біздің дипломаттарымыздың өнері. Ал соңғы кезеңде ауыр артиллерия ретінде мен де араласып отырдым», - деді Елбасы.