Тоқаев Түркиядағы зауытта болған жарылысқа байланысты Ердоғанға көңіл айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Измир провинциясындағы металлургиялық зауытта болған жарылысқа байланысты Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы бауырлас Түркия халқына көңіл айта отырып, жарақат алған жандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.

Түркияның Измир провинциясындағы HABAŞ металлургия зауытында болған жарылысқа байланысты алты күдікті ұсталғанын, қаза тапқандар саны 17 адамға жеткенін жазған едік.

EKOTÜRK мәліметінше, қайғылы оқиға 9 қарашада Алиага ауданындағы зауытта жоспарлы жөндеу кезінде болды. Жарылыс соңы өртке ұласып, бірнеше жұмысшы үйінді астында қалған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен дәрігерлер жедел жеткен.