Түркиядағы зауыт жарылысынан 17 адам қаза тауып, алты күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Измир провинциясындағы HABAŞ металлургия зауытында болған жарылысқа байланысты алты күдікті ұсталды. Қаза тапқандар саны 17 адамға жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі түріктің EKOTÜRK телеарнасына сілтеме жасап. 

Шесть человек задержали после взрыва на заводе в Турции, где погибли 17 рабочих
Фото: Ali Ihsan Ciftci/IHA via AP

EKOTÜRK мәліметінше, қайғылы оқиға 9 қарашада Алиага ауданындағы зауытта жоспарлы жөндеу кезінде болды. Жарылыс соңы өртке ұласып, бірнеше жұмысшы үйінді астында қалған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен дәрігерлер жедел жеткен.

Алғашында үш адамның қаза тапқаны хабарланған. Алайда құтқару барысында құрбандар саны арта түсті. Кейін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қаза тапқандар саны 16 адамға жеткенін мәлімдеді.

10 қарашаға қараған түні Түркияның Денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоглу ауыр жараланған бір адамның ауруханада көз жұмғанын хабарлады. Осылайша қаза тапқандар саны 17-ге жетті. EKOTÜRK-тің соңғы мәліметінше, тағы 13 адам жарақат алған, олардың біреуінің жағдайы ауыр.

Зауыттағы жарылысқа байланысты алты күдікті ұсталды. Бұл туралы Түркияның Әділет министрі Акын Гюрлек хабарлады. Бұған дейін тергеу аясында бес күдіктіні ұстау туралы шешім қабылданған еді.

Тергеуді Менемен прокуратурасы жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтауға төрт прокурор жұмылдырылды. Мамандар апаттың себебін анықтап, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін бағалау үшін техникалық сараптама жүргізіп жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, жөндеу кезінде көпірлі кран электр доғалы пешке құлаған. Бұл табиғи газ құбыры сияқты инженерлік желілердің зақымдануына, артынша жарылыс пен өртке әкелген.

Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Тергеу органдары оқиғаның жай-жапсарын және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылу-бұзылмауын тексеріп жатыр.

Қайғылы оқиғадан кейін зауытқа Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар, Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Ведат Ышыкхан мен Денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоглу барды.

Байрактардың айтуынша, тергеу барысында заңбұзушылыққа жол бергендер анықталады. Еңбек министрі өндірістегі апаттың мән-жайын тексеру үшін бас инспектор тағайындалғанын хабарлады.

Ал Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған оқиғаға байланысты сот және әкімшілік тергеу жүргізуді тапсырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркиядағы зауытта болған жарылыстан 10 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.