Түркиядағы зауытта болған жарылыстан 10 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Измир провинциясындағы HABAŞ металлургия зауытында болған жарылыстан 10 жұмысшы қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алды. Жарылыс көпірлі кран құлап, газ құбырының зақымдануынан болған. Бұл туралы Kazinform агенттігі Anadolu басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Түркиядағы зауытта болған жарылыстан 10 адам қаза тапты
Фото: Deutsche Welle

Измир провинциясының губернаторы Сүлейман Эльбанның мәліметінше, жарылыс HABAŞ металлургия зауытында жөндеу жұмыстары кезінде жергілікті уақыт бойынша сағат 11:46 шамасында болған.

Оның айтуынша, қазандықты ауыстыру кезінде көпірлі кран құлаған. Құлаған конструкциялар электр доғалы пешке тиіп, табиғи газ құбырын зақымдаған. Соның салдарынан болат балқыту цехында жарылыс болған.

Оқиға салдарынан 10 жұмысшы қаза тапты. Олардың екеуі ауруханада көз жұмса, тағы сегізі үйінді астында қалып, мерт болған.

Қазір ауруханаларда зардап шеккен 15 адам ем қабылдап жатыр. Төртеуінің жағдайы ауыр, қалған 11 адамның жарақаты жеңілірек.

Губернатор жарылыстың өндіріс процесі кезінде емес, жөндеу жұмыстары барысында болғанын нақтылады. Оқиға кезінде кәсіпорында әдеттегі 300 адамның орнына шамамен 200 қызметкер болған. Болат балқыту жұмыстары жүргізілмеген.

Эльбанның айтуынша, кәсіпорын аумағындағы іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталуға жақын. Дегенмен мамандар әлі де барлық аумақты тексеріп жатыр.

— Үйінді астында төрт адам болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Олардың тағдыры анықталғанша іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасады. Қазір мамандар құлаған конструкциялардың астындағы аумақтарды тексеріп жатыр, — деді губернатор.

Ол ауыр жарақат алған төрт адамның Измирдегі әртүрлі ауруханаға жеткізілгенін, ал қалған 11 зардап шегуші Алиага мемлекеттік ауруханасында ем қабылдап жатқанын айтты. Жарақаты жеңілірек үш науқасты басқа медициналық мекемелерге ауыстыруы мүмкін.

Оқиғаға қатысты Бас прокуратура, тиісті министрліктер мен жергілікті билік өкілдері әкімшілік және сот тергеуін жүргізіп жатыр. Әзірше ешкім ұсталмаған. Алайда губернатор алдағы уақытта күдіктілердің ұсталуы мүмкін екенін айтты.

Сүлейман Эльбан Түркияның еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Ведат Ышыкхан мен энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактардың Анкарадан Измирге жолға шыққанын хабарлады. Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоғлу да оқиға орнына барады.

Қазір онда губернатормен бірге Түркия парламентінің Әділет және даму партиясынан депутаттары Джейда Бёлюнмез Чанкыры мен Махмут Атилла Кая, сондай-ақ Алиага қаласының әкімі Серкан Аджар мен Менемен қаласының әкімі Айдын Пехливан жүр.

Еске салайық, бұған дейін Түркияда жүк көлігі мен шағын автобус соқтығысып, тоғыз адам көз жұмғанын хабарлағанбыз.