ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында алғашқы кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың алғашқы сатысында оларға Франциядан келген Жереми Шарди мен Гаэль Монфис қарсылас атанды. Алғашқы сетте қазақстандықтар 7:6 есебімен жеңді. Ал екінші сетте дәл осы есеппен қарсыластар басым түсті. Ал кімнің жеңімпазы екендігі тай-брейк әдісі арқылы шешілді.
Шешуші үшінші сетте франциялық теннисшілер ширақ қимыл көрсетті. Нәтижесінде олар 10:7 есебімен басым түсті.
Енді Жереми Шарди мен Гаэль Монфис екінші айналымда Германиядан келген Яна-Леннарда Штруфф мен Александр Зверевпен шеберлік байқасады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Александр Бублик жекелей сында ресейлік Даниил Медведевтен 4:6, 6:7 есебімен жеңіліп қалған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.