Жапон астанасының губернаторы Астанаға үшінші рет келіп отырғанын айтты.
— Бұл қалаға әр келген сайын Астананың көркейіп, қарқынды дамып келе жатқанына, сондай-ақ сіздердей жас кәсіпкерлердің қатары артып келе жатқанына тамсанамын. Араларыңызда жасанды интеллект, жаңартылатын энергия көздері және цифрлық трансформациямен байланысты озық бағыттарда жұмыс істейтін кәсіп иелері аз емес. Жапония тарапынан да осы салаларды дамытып жүрген көптеген венчурлік компаниялар қатысып отыр. Бірлесіп адамзат алдында тұрған күрделі мәселелер мен сын-қатерлерді еңсеріп, ортақ өркендеуге жол аша аламыз, — деді Юрико Коикэ елордада өткен кездесуде.
Сондай-ақ Ю. Коикэ Астана мен Токио арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалғанын айтты. Құжаттағы негізгі бағыттардың қатарында цифрландыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және жоғары технологияларды дамыту бар.
Бұдан бөлек, губернатор қазақстандық компанияларды жыл сайын Токиода өтетін SusHI Tech халықаралық конференциясына қатысуға шақырды.
— Жыл сайын Токиода әлемнің түкпір-түкпірінен, әсіресе Азия елдерінен 700-ден астам стартап бас қосатын арнайы SusHI Tech конференциясы өтеді. Бұл — Азиядағы ең ірі технологиялық алаңдардың бірі. Сондықтан қазақстандық компаниялар да осы конференцияға қатысса, біз үшін үлкен қуаныш болар еді. Жоғары технологиялардың бар мүмкіндігін бірлесе пайдаланып, Астананы тұрақты дамыған қалаға айналдырайық, — деп түйіндеді Токио губернаторы.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдаған еді. Оның сапары Қазақстан мен Жапония арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің орнағанына 10 жыл толуы қарсаңында өтіп жатыр.
Сонымен бірге, Президент Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.