Токио губернаторы Юрико Коикэ: Астана — стилі ерек, болашағы жарқын мегаполис

АСТАНА. KAZINFORM — Астана күні қарсаңында Kazinform агенттігінің тілшісі Токио қаласының губернаторы Юрико Коикэмен сұхбаттасты.

Фото: Ақорда

Биыл мамыр айында Юрико Коикэнің елімізге ресми сапары өткен болатын. Сол жолы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін оны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған еді.

Юрико Коикэ ханымның алып мегаполис басшысы ретінде бос уақыты бола бермейтіні түсінікті жайт. Соған қарамастан алтын уақытын қиып, Kazinform агенттігінің сауалдарына жауап берді. Өз сөзінде ол Астананың заманауи әрі Еуразияның іскерлік және туристік хабы ретінде қарқынды дамып келе жатқан қала екенін айрықша атап өтті.

— Коикэ ханым, Астанаға сапарыңыздың негізгі мақсаттары қандай болды және оның қандай нәтижелерін табысты деп санайсыз?

— Мен ол жолы Қазақстан Үкіметінің шақыруымен бардым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездестім. Былтырғы желтоқсан айында Токио мен Астана әкімдіктері өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы жолғы сапарда мен аталған меморандумды іске асыруға қатысы бар ұйымдардың жұмысымен таныстым.

Атап айтқанда, біз «жасыл» трансформация (GX) саласында жұмыс істейтін Токионың стартаптары мен шағын және орта кәсіпорындарын ілгерілетуге бағытталған бірқатар ауқымды іс-шара өткіздік. Сонымен қатар ЖИ, табиғи апаттардың алдын алу, білім беру және бекіре балығын өсіру сияқты түрлі бағыттардағы жобалармен таныстық.

Бұл сапар ортақ міндеттерді шешудегі ынтымақтастықты тереңдетуге, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға ықпал етіп, Токиоға да, Астанаға да пайда әкелеріне сенімдімін.

Фото: Ақорда

— Токио әлемдегі ең технологиялық дамыған әрі жайлы мегаполистердің бірі ретінде танымал. Жапонияның қандай тәжірибесі Астанаға пайдалы болуы мүмкін және қалаларды дамытудағы Қазақстанның қандай тәсілдері Токионың қызығушылығын тудыруы ықтимал?

— Токионың басты артықшылықтары — қауіпсіздік, қорғаныс және орнықты даму. Мұның бәрі заманауи озық технологияларға негізделген.

Мәселен, қалада су тасқынынан қорғану үшін жерасты реттеуші су қоймалары, ЖИ негізінде су деңгейін болжау жүйелері және ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен залалды жедел бағалау технологиялары қолданылады. Ал жер сілкінісінің салдарын азайту мақсатында ғимараттар сейсмикалық тұрғыда күшейтіліп, олардың жерасты дүмпулеріне төзімділігі арттырылады. Қазақстан да Токио сияқты су тасқыны мен жер сілкінісі сияқты табиғи апаттарға тап болғандықтан, бұл тәжірибе мен жинақталған білім елдеріңіз үшін өте пайдалы болуы мүмкін.

Өз кезегінде, Қазақстан жасанды интеллектіні, «ақылды қала» технологияларын және басқа да цифрлық бастамаларды белсенді түрде дамытып келеді. Токио да барлық тұрғынға жоғары өмір сапасын қамтамасыз етуді көздейтін «Ақылды Токио қаласы» тұжырымдамасын жүзеге асыруға ұмтылып отыр. Сондықтан Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктері де біз үшін үлкен қызығушылық тудырады және Токио үшін құнды тәжірибе көзіне айналуы мүмкін.

Астана мен Токио — өз мемлекеттерінің астаналары әрі ұлттық дамудың қозғаушы күштері. Тәжірибе мен үздік тәжірибелерді бөлісе отырып, біз орнықты қалаларды қалыптастыру жолында бірлесіп жұмыс істей аламыз.

— Білім беру саласындағы ынтымақтастықтың алдағы дамуын қалай елестетесіз?

— Назарбаев Зияткерлік мектебіне барғанымда білім беру бастамаларымен және оқу ортасымен таныстым. Атап айтқанда, International Baccalaureate стандарттарына негізделген оқу бағдарламасын, сондай-ақ математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқыту үдерісін көрдім. Оқушылармен әңгімелескенде олардың білімге деген жоғары ынтасы мен құштарлығын сезіндім.

Токио да цифрлық білім беруді дамытуға және түрлі елдердің өкілдерімен тиімді қарым-қатынас жасай алатын, мәдени әралуандықты құрметтейтін, жаһандық ортада табысты еңбек етуге қабілетті мамандар даярлауға ерекше мән береді. Осы бағыттағы жұмыстардың бір мысалы — біздің шетелде білім алуды қолдау бағдарламамыз.

Мектептің білім беруді интернационалдандыруға және жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған стратегиялық тәсілі біз үшін жаһандық құзыреттерді дамыту және Токиода халықаралық білім беру ынтымақтастығын кеңейту мәселесінде құнды тәжірибе болды. Бұл сапар жаңа білім алмасулары мен бірлескен бастамалардың бастауына айналып, білім беру саласындағы инновациялардың дамуына және елдеріміз арасындағы достықтың нығаюына ықпал етеді деп үміттенеміз.

Фото: Kazinform

— Қазақстан мен Жапония мемлекеттерінің басшылары цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін мәлімдеді. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуда астаналардың рөлі қандай болуы мүмкін?

— Жоғарыда айтқанымдай, 2025 жылғы желтоқсанда Токио үкіметі мен Астана қаласының әкімдігі тәжірибе алмасу және ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Осы әріптестіктің негізгі бағыттарының бірі — цифрлық технологиялар.

Астанаға сапарымда мен Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында болып, оның қызметімен және елдегі цифрлық экожүйені дамытудағы рөлімен таныстым. Кездесуде ЖИ мен цифрлық технологияларды қалалық мәселелерді шешуге қалай тиімді пайдалану керектігі, сондай-ақ осы салаға қажетті мамандарды даярлау жөнінде пікір алмастық. Кездесу қорытындысында қол қойылған меморандум аясындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенімізді растадық.

XXI ғасырды «қалалар ғасыры» деп атайды. Өз елдерінің астаналары ретінде Токио мен Астана ұлттық дамуда ерекше орын алады. Әріптестікті нығайтып, тәжірибе алмасу арқылы біз ортақ сын-қатерге бірлесіп жауап тауып, тиімді шешімдер әзірлей аламыз. Қос қала арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Жапонияның цифрлық саладағы өзара ықпалдастығын одан әрі дамытуға серпін береді деп сенеміз.

— Сіз әлемдегі ең ірі мегаполистердің бірінің әкімшілігін бірнеше мерзім қатарынан басқарып келесіз. Осы уақыт аралығында қаланы басқаруға деген көзқарасыңыз қалай өзгерді және ең маңызды сабақ деп нені атар едіңіз?

Биыл менің Токио губернаторы қызметіне кіріскеніме 10 жыл толып отыр. Осы уақыт бойы қызметімде екі негізгі қағиданы берік ұстанып келемін: қоғам игілігіне адал қызмет ету және адамдардың мұң-мұқтажына бей-жай қарамау.

Қала қаншалықты үлкен болса да, оның басты құндылығы — адам. Токионың 14 миллион тұрғыны қаланың экономикасын, өнеркәсібін, инфрақұрылымын, көлік жүйесін, мәдениетін және басқа да барлық салаларын дамытып отыр.

Фото: Kazinform

Қоғамның қолдауы мен сенімінсіз ешбір мемлекеттік саясат табысты болмайды. Губернатор болып сайланған сәттен бастап мен отбасы институтын нығайтуға және балаларды тәрбиелеуді қолдауға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келемін. Бұл шаралар Токио тұрғындарының кең қолдауына ие болды. Былтыр Жапония астанасында туған нәрестелер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 пайызға артты. Бұл — соңғы он жылдағы алғашқы өсім болғандықтан, ерекше маңызды көрсеткіш. Мен мұндай нәтижеге Токио тұрғындарының қолдауы мен сенімінің арқасында қол жеткіздік деп есептеймін.

Алдағы уақытта да қалалардың дамуына серпін беретін басты күш — адамдарға басымдық береміз. Әрбір адамның өзін қауіпсіз сезініп, алаңсыз өмір сүріп, өз мүмкіндігін толық жүзеге асыра алатын қоғам қалыптастыруға бағытталған бастамаларды одан әрі жалғастырамыз.

                                                                  ***

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдаған еді. Оның сапары Қазақстан мен Жапония арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің орнағанына 10 жыл толуы қарсаңында өтіп жатыр.

Сонымен бірге, Президент Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.