Токио турнирі: Путинцеваны жеңген Рыбакина ширек финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның және әлемнің 1-ракеткасы Елена Рыбакина Токио (Жапония) WTA 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Фото: ҚТФ

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркеліп, екінші айналымнан бастаған Е.Рыбакина әлемдік рейтингіде 67-орындағы отандасы Юлия Путинцевамен бетпе-бет келді.

Қарсыластар осыған дейін өзара төрт рет кездескен, есеп тең еді — 2:2.

Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина 4:1 есебімен алға шықты. Сосын тағы бір брейкпен тәмамдады — 6:2.

Екінші сетте де есеп 2:1 болған мезетте Елена брейк жасай білді. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді — 6:3.

Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 6 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Путинцева 1 эйспен шектелді. 

Осылайша, Е.Рыбакина кейінгі ойындардың нәтижесіне қарамастан, жылдың қорытындысы бойынша әлемнің 1-ракеткасы атағын сақтап қалатын болды. 

Елена Рыбакина Токиода жартылай финалға шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, канадалық Лейла Фернандеспен шеберлік таластырады.

Өткен аптада қазақстандық теннисші Нинбо (Қытай) WTA 500 додасының финалында Л.Фернандесті 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірген еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Токио турнирінде грекиялық теннисшіні ұтқан Путинцеваның Рыбакинамен ойнайтынын жазған едік. 

Сондай-ақ Жібек Құламбаева Қытайдағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды.