Токио турнирі: Грекиялық теннисшіні ұтқан Путинцева Рыбакинамен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 67-ракеткасы Юлия Путинцева Токио (Жапония) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты.
Негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 30-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен сынға түсті.
Қарсыластар осыған дейін өзара төрт рет кездесіп, соның үшеуінде М.Саккари жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияда Ю.Путинцева 6:4 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде грекиялық спортшы есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Юлия бет қаратпады – 6:1.
Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде Путинцева 2 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жазды. Саккари 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Осылайша, екінші айналымға жолдама алған Юлия Путинцева енді әлемнің 1-ракеткасы, отандасы Елена Рыбакинамен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Сеул турнирінде негізгі жарысқа қосылғанын жазған едік.