Бейбіт Жұқаев Сеул турнирінде негізгі жарысқа қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 528-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Сеул челленджер турнирінің іріктеу сайысында екі рет жеңіске жетті.
Қазақстандық спортшы алдымен іріктеудің жартылай финалында әлемдік рейтингіде 1 786-орындағы оңтүстіккореялық Ко Мин Хоны жолдан тайдырды – 6:4, 6:4.
Бейбіт Жұқаев бүгін іріктеу сайысының финалында әлемнің 463-ракеткасы, жапониялық Коки Мацудамен кортқа шықты.
Алғашқы сет 6:4 есебімен Бейбіттің пайдасына шешілді. Екінші партияда тай-брейкте қазақстандық теннисші есесін жібермеді – 7:6 (7:1).
Бір сағат 47 минутқа созылған тартысты бәсекеде Жұқаев 15 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Мацуда 9 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, негізгі жарысқа жолдама алған Бейбіт Жұқаевтың келесі қарсыласы кейін анықталады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 200-ракеткасы Тимофей Скатов Сеул челленджер турнирінің алғашқы айналымында рейтингіде 132-сатыдағы грекиялық Стефанос Сакелларидиспен сынға түседі.
Сеулдегі жарыстың жүлде қоры 225 мың АҚШ долларына бағаланған. Жеңімпаз 33 650 долларға қоса 125 рейтингілік ұпайға ие болады. Мұнда рейтингіде 96-орындағы хорватиялық Марин Чилич бірінші ракетка болып тіркелген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде көшбасшылық орнын нығайта түскенін жазған едік.