Төлеби тұрғыны туған жердің табиғатын әлеуметтік желі арқылы танытып жүр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Төлеби ауданына қарасты Леңгір қаласының тұрғыны өз аймағының қысқы табиғаты бейнеленген видео мен суреттерді #Qazalemi хэштегімен желіге жариялап, байқауға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: instagram.com/lengir.online

Еркін Әзімбаев туған жері мен тұрғылықты жерінің әсем табиғатын көпшілікке таныстырғысы келген. Содан, әрбір көше мен көрікті жерлерді таспалап, желіге жүктеп отырған.

—Қазақстанның табиғатын танып білу үшін мұндай жарыстардың маңызы зор. Түркістан өлкесіндегі Төле би өңірі — асқақ таулары, ұшы-қиыры жоқ кеңдігі мен жан дүниені тазартатындай тыныштығы бар өңір. Мен жай ғана видео түсірген жоқпын, шын көңілмен, адал ниетпен жұмыс істедім. Себебі, бұл менің туған жерімді қаншалықты жақсы көретінімді, мен үшін қаншалықты қымбат екенін бүкіл әлемге көрсетуге берілген мүмкіндік. Сол себепті, күн сайын бірнеше видео түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісемін. Яғни, мен бағалайтын сұлулықты көптеген адамдар көріп жүр. Оқырмандарым жазған пікірлерден шабыт аламын. Сондай-ақ, сурет арқылы табиғи сұлулықты көпшілікке жеткізе алатынымды мақтан тұтамын. Әрбір кадрда Отанға деген махаббатым, мақтанышым бар, — деді байқауға қатысушы.

Айта кетейік, бұған дейін танымал актер әрі продюсер Нұрлан Қоянбаев Instagram желісіндегі парақшасында Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай байқау ұйымдастырған болатын. Қатысушылар өз аймағындағы қыс келбетін және қысқы, көрікті жерлерді сурет пен видеоға түсіріп, #Qazalemi хэштегімен әлеуметтік желіге жүктеуі қажет. Ең креативті жұмыстардың авторларына сыйлықтар — жаңа смартфондар мен шипажайға жолдама беріледі. Байқау қорытындысы 27 желтоқсанда жарияланады.