Тоңдым. Екі автобус алмай кетті: Талдықорғанда қоғамдық көліктер оқушыларға тоқтамайтын болған
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Әлеуметтік желіге автобус алмай кетіп, жылап тұрған оқушының жазбасы жарияланды. Талдықорғандық желі қолданушылары наразылығын білдірді.
Оқу жылы басталғалы мұндай жазбалар желі бетіне жиі жарияланатын болды. Қала ішінде жүретін қоғамдық көліктердің кейбірі аялдамада тұрған балаларға тоқтамайды. Оның себебін ата-аналар Талдықорған қаласы бойынша оқушылар тегін «Оңай» картасын пайдалануымен байланыстырады.
«Менің мектеп жасында үш балам бар. Кейде үйге кешігіп келеді. Қайда жүргенін сұрасам, автобустар тоқтамайтынын айтады. Рас, ол. Үлкендер бірге тұрсақ тоқтайды, аялдамада өздері ғана болса, алмай кетеді. Себебі олар ақша төлемейді ғой. Қыс басталды, міне күн суытты. Қараңғы ерте түседі. Автобустағылар енді олай жасамайтын шығар» — деді, Талдықорған қаласының тұрғыны Жанар Скиндирова.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбаны түсірген қала тұрғыны оқушыны «Жұлдыз» шағын ауданы жақтағы аяладамада кезіктірген. Жылап тұрғанын байқап, мән-жайды сұраған. Бала 2 автобустың тоқтамай кеткенін, суықта қатты тоңғанын айтқан.
Жазба астына пікір қалдырған 400-ден аса желі қолданушы Талдықорғанда мұндай жағдайдың күнде куәсі болатындарын жазды.
Еске салайық бұған дейін Талдықорғанда автобусқа орнатылған бейнекамера жол ережесін бұзған көліктерді түсіріп алатынын жазғанбыз.