Талдықорғанда автобусқа орнатылған бейнекамера тәртіп бұзған көліктерді түсіріп алады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Өткен айда Талдықорған қаласындағы қоғамдық көліктердің біріне бақылау бейнекамерасы орнатылды. Автобус ішіне қойылған камера жол ережесін бұзған көліктерді тіркейді.
«Оракул инсайт» деп аталатын жаңа құрылғы қала бойынша № 5 автобустың біріне уақытша орнатылған.
Ол қала ішінде жылдамдықты асырғандарды, қарсы бағытқа шыққандарды, тыйым салынған жерге тоқтағандар мен мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүргендерді нысанасына алып, жиналған ақпараттарды автоматты түрде полицияның арнайы орталығына жіберіп отырады.
Осы арқылы тәртіп сақшылары көлік иелеріне айыппұл жолдайды. Алдағы уақытта қоғамдық көліктен бөлек, жедел жәрдемге де орнату жоспарда бар екен.
— 10 қазаннан бастап жол қауіпсіздігін қамтамассыз ету үшін қоғамдық көлікке бейнекамера қойылды. Қазіргі уақытта пилоттық режимде істеп жатыр. Сәйкестендіретін, өзін дәлелдендіретін қағаз сертификаты болған уақыттан бастап біз оны іске асыра аламыз. Бұл қазір жиілеп кеткен жол апаттарының алдын алу үшін, жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениетін жақсарту мақсатында жасалып жатқан жоба, — дейді Жетісу облыстық полиция департаменті басқармасының аға инспекторы Еркебұлан Досымбеков.
Бейнекамера 1 айға жуық уақытта жылдамдықты асыру бойынша ғана 611 заңбұзушылықты анықтап, 12 млн теңгеден астам айыппұл тіркеген.
Айта кетейік құрылғы 6 қарашаға дейін пилоттық режимде жұмыс істегендіктен бұл сома ереже бұзған жүргізушілерден өндірілмейді.
Полиция қызметкерлері бұл жобаның нақты қай уақытта жүзеге асатынын ашып айтпады.
Еске салайық бұған дейін Текелі қаласында автобус жүргізушілерінің жұмыссыз қалғанын жазғанбыз.