Топырақ сапасы көрсеткіштерін төмендеткен пайдаланушылар жауапкершілікке тартылады — заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Топырақ жағдайына агрохимиялық талдау деректерін бірыңғай базаға енгізбеген шаруаға мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжатты бірінші оқылымда таныстырған депутат Нұржан Әшімбетов айтты.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

— Бүгінде ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру 100 пайызға аяқталды. Цифрлық карталары дайындалды. Заң қабылданғаннан кейін шаруаларға жер телімдерінің шекарасы мен өлшемдері ғана емес, сонымен қатар топырақ сапасының ақпараттары көрсетілген цифрлық паспорттар берілетін болады. Бұл республикалық бюджет есебінен жүргізілген жерлерге агрохимиялық, геоботаникалық, топырақты зерттеу бойынша көп жылғы жұмыстардың нәтижесінде мүмкін болғанын айта кеткен жөн. Алдағы уақытта шаруалардың өздері топырақ жағдайына тұрақты түрде агрохимиялық талдау жүргізеді. Егер талдау деректері бірыңғай базаға енгізілмесе мемлекеттік қолдау көрсетілмейді, — деді Нұржан Әшімбетов.

Оның айтуынша, топырақ сапасы көрсеткіштерінің төмендеуі жер пайдаланушылар үшін жауапкершілік шараларына әкеп соғады.

— Кейбір жағдайларды қоспағанда, қазіргі кезде топырақ құнарлылығының нашарлауы үшін фермерлердің ешқайсысы жауапкершілікке тартылмағанын атап өткім келеді. «Топырақты қорғау туралы» заңның қабылдануы халықаралық тәжірибеге сәйкес келетінін баса айтқан жөн. Еуропалық одақ елдерінде бұл салада негіздемелік реттеу енгізілген және Германия, Нидерланд, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көптеген елде топырақты қорғау туралы ұлттық заңдары бар, — деді депутат.

Айта кетейік, палатаның бүгінгі жалпы отырысында топырақты қорғау, жол қауіпсіздігін цифрландыру, аңшылық саласын реттеу, жануарлар дүниесін сақтау мәселелеріне қатысты заң жобалары талқыға салынады.