Төрехан Сабырхан: иорданиялық қарсыласымнан есе қайтаратын уақыт келді

НАГОЯ. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының финалына жолдама алды. Спортшы жартылай финалда өзбекстандық боксшы Шавкатжон Болтоевқа қарсы жарқын жеңісінен кейін, ақтық сында кіммен жұдырықтасқысы келетінін айтты.

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Төрехан жартылай финалда жеңіліс тапқан ағасы Махмұд Сабырхан туралы пікір білдірді.

— Махмұд екеуіміз бірге жеңіске жетіп, бірінші орыннан көрінеміз деп үміттенген едік. Алайда, жарыс нәтижесі өздеріңіз көргендей болды. Өкінішті, әрине, бірақ біз тоқтамаймыз. Бізге қолдау көрсетіп, жақсы тілек тілеп жатқан Қазақ еліне, барлық жанкүйерге рақмет, — деді боксшы.

Оның айтуынша, бапкерлері жартылай финалдағы өзбекстандық қарсыласына қойған тактикасы өз нәтижесін берген.

— Өзбекстандық боксшыны жақсы білемін. Осының алдында Шымкенттегі оқу-жаттығу кезінде оған қарсы спарринг өткізген едім. Бапкерлерім қойған тактиканы толық орындап шықтым, — деді ол.

Төрехан финалдық жекпе-жекте иорданиялық қарсыласына қарсы жұдырықтасып, есесін қайтарғысы келетінін жасырмады.

— Финалда кіммен болсада жұдырықтасуға дайынмын. Сэвон Окадзава және Зейяд Ишаиш екеуі де ескі қарсыласым. Ақтық сынға кім өтсе де жекпк-жекке дайынмын. Иорданиялық қарсыласымнан есе қайтаратын уақыт келді деп ойлаймын, — деді қазақстандық боксшы.

Айта кетейік, бүгін Азиада бокс бәсекесінде бес қазақстандық боксшы шаршы алаңға шықты.

Қорытындысында Алуа Балқыбекова және Наталья Богданова қарсыластарына есе жіберіп, Азиаданың қола жүлдесін еншіледі.

Сонымен қатар, 2 дүркін әлем чемпионы, 55 келідегі Махмұд Сабырхан ½ финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Карло Пааламға 2:3 есебімен жол беріп, қола медаль еншіледі.