Бұған дейін хабарлағанымыздай, Еркін Ізбасар мен Қалдымұрат Қартжанға қатысты Қылмыстық кодекстің «Билік өкіліне бағынбау» бабы алынып тасталды. Сонымен қатар, ұрланған мұнайдың нақты бағасын анықтау үшін тауарлық сараптама тағайындалды. Бүгін сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы Айбек Шоқпаров куәгерлердің қауіпсіздігі үшін олардың Арман, Асанов, Қуат, Қанат бүркеншік есімдерімен жауап беруіне рұқсат сұрады. Сонымен қатар, куәгерлердің дауысы мен түрін тануға мүмкіндік бермейтін бейнебайланыс ұйымдастыруға өтінішхат түсірді.
«Арман, Асанов, Қуат, Қанат бүркеншік есімдерімен жауап беретін куәгерлерден жауап алу жабық өтеді. Олардың дауысын, түрін танып қалмауы үшін бейнебайланысқа шығады. Сонымен қатар, сотталушылар сот залынан шығарылады.Сот залында тек кәсіби қорғаушылар қалады»,- деді судья Ахметқали Молдағалиев.
Сот отырысы кезінде Аухат Қалиев пен Еркін Ізбасардың қорғаушылары бірнеше өтінішхат түсірді. Қорғаушылар аты-жөндерін атап, түр-тұлғасын көрсетуге қорқатын барлығы 13 куәгердің нақты анкеталық ақпаратын сот отырысы кезінде анықтауды сұрады. Сонымен қатар, қорғаушы Мырзағараев айыптау қорытындысы кезінде бүркеншік атпен жауап берген куәгерлердің бірнеше рет қайталанып отырғанын жасырмады.
Сот отырысы ертең жалғасады.
Еске салсақ, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлығына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ ісі қаралып жатыр. Барлығы 26 адам 2003-2016 жылдардағы қылмыстық іс бойынша жауап беруде.