№2 Өскемен қалалық соты биыл 21 қазан күні Шығыс Қазақстан облыстық ҚАЖД ОВ-156/20 бастығының ұсынысы бойынша жазасын өтеуші Еркін Ізбасарға қатысты істі қарады. Ұсыныста жазасын өтеушінің денсаулығы нашарлағаны жазылған. Қылмыстық кодекстің «Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату» бабына сүйенсек, өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
«Сот арнайы медициналық комиссияның қорытындысын, сотталушының дертінің ауырлығын, тараптардың пікірлерін ескере отырып, сотталған І.-дің денсаулығының қалпына келуіне дейін босатты. Сотталған адамның мінез-құлқын бақылау үкімді орындайтын органға жүктеледі. Қазіргі уақытта қаулы күшіне енді»,- деп хабарлады №2 Өскемен қалалық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2018 жылы сот үкімімен Еркін Ізбасар 12 жылға сотталып, қылмыспен тапқан мүлкі тәркіленді. Ал оның жанында жүрген Аухат Қалиев 11 жылға, сол жылдары облыстық ІІД бастығының орынбасары қызметін атқарған Рахат Аханов 5 жыл 3 айға сотталды. Бұрынғы полиция қызметкері өмір бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істей алмайды, полиция полковнигі шенінен айырылды.