«Төрт ағайынды» ісі: Еркін Ізбасар жасырын куәгерлермен кездесуді сұрады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Төрт ағайынды» қылмыстық тобын құрып, басқарды деп айып тағылған Еркін Ізбасар бүгін жасырын куәгерлермен бетпе-бет кездестіруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар бастағын қылмыстық топқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бір апта бойы жасырын куәгерлер тыңдалып, онда 13 адам жауап берген болатын. Бүгін сотталушы Еркін Ізбасар бүркеніш куәгерлермен бетпе-бет кездестіруді, оларды жасырын ұстағанымен, кім екені анықталғанын жеткізді.

«Сот залында жасырын адамдармен ашық кездесіп, сөйлесейік. Біз бір-бірімізді танимыз, жасырудың қажеті жоқ. Айтқан соң бәрін ашық жүргізейік. Сұрақты басынан бастап қойсақ деп айтып отырмын. Спектакль болып кетті ғой»,- деді сотталушы Еркін Ізбасар.

Кейін Еркін Ізбасардың қорғаушысы Мырзағараев өтінішхат түсірді.

«Біз таңнан кешке дейін сот залында отырмыз. Тергеу изоляторында қорғаушылармен кездесу үшін кезек күту керек. Куәгерлердің бірі уақытша тергеу изоляторында, бірі ауруханада жатыр. Сондықтан екі күн беріп, жауап беруге дайындалуды сұраймын»,- деді қорғаушы Мырзағараев.

Еске салсақ, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлығына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ ісі қаралып жатыр. Барлығы 26 адам 2003-2016 жылдардағы қылмыстық іс бойынша жауап беруде.