«Төрт ағайынды» ісіне ІІД бастығы орынбасарының қатысы бар ма

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бұрын Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болған сотталушы Рахат Ахановтың мұнай ұрлығына қатысы бар-жоғы тексерілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық  сотында мұнай ұрлығына қатысты эпизодтар қаралып жатыр. Куәгер Абай Сақтағанов «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ департамент бастығының орынбасары болып жұмыс істейді. Ол сот залында сотталушы Еркін Ізбасар, Саясат Дүсіпов пен Рахат Ахановты таныды. Куәгер ІІД бастығының орынбасары болып жұмыс істеген Рахат Ахановпен 2013 жылдан бері таныс болып шықты. Сол жылдары Ақтөбедегі мұнай компаниясына жарылғыш зат қойылды деген жалған ақпарат тарап, қауіпсіздік қатаң бақылауға алынды. Мұнай компаниясы мен полиция тығыз жұмыс істеп, сотталушы мен куәгер жұмыс барысында жиі кездескен. Кейін Рахат Аханов оған Саясат Дүсіпов баратынын, ол кезде қабылдап, шаруасын шешуге көмектесуін сұрайды.

 «Алғаш кезде Саясат Дүсіпов келіп, сұйытылған газды қалай алуға болатынын сұрады. Бұл сұрақты мен шеше алмайтынымды, басшыларға жолығу қажет екенін түсіндірдім. Кейін ол маған телефон шалып, кездесу қажет екенін айтты. Бірақ мен телефон тұтқасын көтермей жүрдім. Тағы біз кездесуде «жігіттер мұнай ұрлап шығарып жатыр екен, мен де шығарайын» деп айтты. Полиция тексеретінін, күзет күшті екенін ескерттім, ұсыныстан бас тарттым. Тағы бірде жұмыс бабымен сол кездері ІІД бастығының орынбасары болып жұмыс істеген Рахат Ахановқа барған едім. Ол «шаруалар шешілмей жатыр» деп айтты. Әрі сол кездесуден соң Рахат Советұлымен арада болған әңгімені басшыларға жеткіздім. Соңғы рет Рахат Аханов «тоғыз ай бойы басты қатырып жүрсің» деп суық шығарып салды»,- деді куәгер Абай Сақтағанов.

 Айта кетейік, куәгер сот отырысы кезінде ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі Еркін Ізбасармен кездескенін де жасырмады. Бір рет кездесу болып, сотталушы сұйытылған газ шығару жолын сұраған.

 «2016 жылдың қараша айында есік алдында жігіттермен кездесіп қалдым. Олар «әңгіме бар» деді. «Адам керек болса өзі келсін» деген кезде оның жүре алмайтынын жеткізді. Еркін Ізбасарды танымаймын, бірінші рет көрдім. Сөйтіп, машинаға отырдым. Ол жұмыссыз жүрген балалар бар екенін, күзет қызметіне сол адамдарды қызметке орталастыруға болатын, болмайтынын сұрады. Әрі сұйытылған газды тасымалдау жолын білгісі келді. Сұйытылған газды алу жолын айттым. Мұнай туралы әңгіме болмады. Мені ол қорқытқан жоқ»,- деді куәгер.