Ақтөбеде облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты іс әлі қаралып жатыр. Кеше Еркін Ізбасар мен Қалдымұрат Қартжанға қатысты бір эпизод істен алынып тасталған болатын. Айыпталушылардың бірі саусақ ізін қалдыруға қарсы болып, бірі ұстау операциясы кезінде билікке бағынбаған. Ал бүгін сотта мұнайдың құны анықталды. Сарапшы сот белгілеген уақыт аралығында мұнай бағасының қанша болғанын тізбектеп берді.
«Қорғаушылардың сұрауы бойынша Аймақаралық сот сараптама орталығы мұнайдың орташа бағасын анықтады. Сұраныс бойынша 2015 жылдың мамыр-желтоқсан айлары аралығын, 2016 жылдың ақпаны мен тамыз-қазан айлары аралығын есептеп шығарды»,- деді судья Ахметқали Молдағалиев.
Сарапшылар шикі мұнайдың ортақ бағасын шығару кезінде кен орындарының, статистикалық департаменттің құжаттарына жүгінді.
«2015 жылдың мамыр айында 35036 теңге 60 тиын, шілде 35 314 теңге 28 тиын, тамыз 38 822 теңге 13 тиын, қыркүйек 39 639 теңге 32 тиын, қазан 42 083 теңге 95 тиын, қазан 43 516 теңге 81 тиын, желтоқсан 43 333 теңге болады. Ал 2016 жылдың ақпан айында 28 592 теңге 59 тиын, тамыз 42 187 теңге 30 тиын, қыркүйек 45 285 теңге 86 тиын, қазан 47 453 теңге 11 тиын деп есептелді. Бұл шикі мұнайдың бір тоннасына есептелген баға. Біз Синельниковский кен орнындағы шығынды есептеуге үшін бірнеше құжаттарды алып, ортақ бағасын есептеп шығардық. Кен орнындағы мұнай жеңіл санатқа жатады. Бірақ бұл бағаға әсер етпейді. Шикі мұнай бағасы бәріне ортақ»,- деді сарапшы Гүлмира Молдағазина.
Айта кетейік, судья Ахметқали Молдағалиев кен орнының шығынын қайта есептеуді жәбірленушіге тапсырды. Бірақ жәбірленуші өздері есептеген мұнайдың шығынын сол күйі іс материалында қалдыра алады. Айыпталушылардың қорғаушылары егер сарапшылар ұсынған бағамен шығынды қайта есептесе, шығын екі есе азаяды деп отыр.
Сот отырысы жалғасып жатыр.