Төтенше жағдайлар комитеті Пенжім ауылын су басу себебін атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Пенжім ауылындағы жаңбыр суының тасқынына арық жүйесі қауқарсыз болған. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Владимир Беккердің айтуынша, қазір аулалар мен үйлерге кірген су түгелдей сорғытылып жатыр. Мамандар ауыл ішін батпақ пен үйінділерден де тазартуда.

«Таудан аққан тасқын секундына 20 текше метр жылдамдықпен келген. Ал ауылдың арық жүйесі секундына 5 текше метр су ғана өткізе алатын. Қалған 15 текше метр арнадан асып, ауылға жайылған», - деді ол.

Комитет төрағасы қазір оқиға орнында Алматы облысы әкімінің орынбасары бастаған комиссия жүргенін, тұрғындарға келген шығынды солар есептейтінін баяндады.

«Әкімдіктің ақпараттық актісіне сүйенсек, барлығы 181 аулаға лай кірген, 31 үйді су алған. Оның ішінде жертөлелер де бар. Тасқынның салдарын жоюға 37 техника, 186 адам жұмылдырылды. Кеше бір күн ішінде 163 үйдің ауласын сорғыттық. Жұмыс әлі жалғасып жатыр», - дейді комитет төрағасы.

Оның сөзінше, Пенжім ауылында дәл мұндай жағдай қайталанбауы үшін елді мекеннің тау жағынан арнайы бөгет төселді. Оның биіктігі -1 метр, ұзындығы - 400 метрді құрайды.