«Той — қазақтың қазынасы»: Фотографтардың басты табыс көзі қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — Бүкіләлемдік фотографтар күні. Фотограф болу үшін не істеу керек? Бұл табысты кәсіп пе? Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған фотограф Ардагер Сәтбаев жауап берді.
— Біз өнер адамымыз. Сондықтан әр іске шығармашылық көзқараспен қараймыз. Қазіргі таңда фотографияның өзі бірнеше жанрға бөлінді. Мен портрет жанрында жұмыс істеймін. Бұл жай ғана суретке түсіріп, шығара салу емес. Қазіргі заманда халыққа ұнау үшін алдымен оларға эмоция бере білуің керек. Адамдарды таңғалдыру үшін фото арқылы белгілі бір әсер сыйлау қажет. Сол үшін әр суретті түсірмес бұрын көп ізденемін. Түсірген суретім белгілі бір ойды жеткізуі тиіс, — дейді студия қонағы.
Фотограф өзінің бұл салаға қалай келгенін баяндап берді.
— Менің мамандығым — дыбыс режиссері. «QazMedia» орталығында әлі күнге осы салада қызмет етемін. Бір кездері деректі фильм түсіріп жүрдік. Сол уақытта Mark III деген фотоаппарат кең таралған еді. Әншілер тіпті клиптерін осы камерамен түсіретін. Мен де сол фотоаппаратты сатып алып, үйде ұзақ уақыт сөреге қойып қойдым. Фото түсіруге қызығушылығым бұрыннан бар. Бір күні жай тұрған техниканы неге пайдаланбасқа деген ой келді. Алдымен әріптестерімді, туған-туыстарымды түсіре бастадым. Алғашқы тапсырыстар да сол әріптестерімнен келді, — дейді ол.
Ардагер Сәтбаев бастапқыда бұл кәсіпті табыс көзіне айналдырамын деген ой болмағанын айтады.
— Бастапқыда бұл істі ақша табу көзі ретінде мүлде қарастырған жоқпын. Бірде әріптесім бір жобаны түсіріп беруімді сұрады. «Қажет болса, тегін түсіріп берем» дедім. Бірақ олар алғыс ретінде маған ақша ұсынды. Сол кезде алғаш рет «Неге бұл істен табыс таппасқа?» деген ой келді. Себебі фотоаппарат өте қымбат техника. Оның әрбір флешкасы, қуаттағышы, объективі — бәрі миллиондаған ақша тұрады. Жыл сайын жаңартып отыру үшін қаржы қажет, — дейді фотограф.
Бүгінде кейіпкеріміздің туындысы халықаралық байқаудан жеңімпаз атанып үлгерген.
— Жуырда бір суретім халықаралық байқауға қатысты. Бұл — портрет жанрындағы фотографтар арасында өткізілетін байқау. АҚШ-та онлайн форматта болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналды. Қазақстанның атынан алғаш болып мен қатыстым. Топтаманың ішінде менің суретім бірінші орын алды. Бұл үшін біз қызды парафиндермен суретке түсірдік. Оған бір апта дайындалдық, — дейді Ардагер Сәтбаев.
Студия қонағы фотография саласындағы өзге де тәжірибесі туралы да айтып берді.
— Көпшілік фотографтың студиясы болуы керек деп ойлайды. Бірақ бұл — қате түсінік. Студия ұстау — мүлде бөлек жұмыс. Оны күн сайын тазалап, жарығы мен құрылғыларын реттеп отыру керек. Бір жылдай студияны ұстап көрдім. Бірақ ол маған фотоға қарағанда, шаруамен көбірек айналысуды талап етті. Студияны күніге тазалап, зақымданған тұстарын бояп отыруың керек. Содан кейін студияны жаптым да, қайта шығармашылыққа оралдым, — дейді ол.
Ардагер Сәтбаев фотоаппараты бар адамның бәрі фотограф бола алмайтынын жеткізді.
— Фотоаппараты бар адам — жай ғана оның иесі. Ал онымен сурет түсіре алатын адам — нағыз фотограф. Қазір суретке түсіретін смартфондар көп. Соған қарамастан, фотоаппараттың өз тереңдігі, диафрагмасы, экспозициясы мен сапасы бар. Көпшлік бұны түсіне бермейді. Суретті өңдеуде, кадр шығару барысында фотоаппараттың орны ерекше, — дейді кейіпкеріміз.
Маман Қазақстандағы фотографтардың негізгі табыс көзі той екенін де жасырмады.
— Қазақстанда фотографтарға сұраныс негізінен той саласында. Өйткені онда қаржы мол. Ал біз секілді шығармашылық бағытта жұмыс істейтіндер көбінесе сырттан тапсырыс іздеп кетеміз. Мысалы, Ресейден келетін жобалар бар. Дегенмен, той — қазақтың қазынасы. Қай жақта жүрсең де, той — тұрақты табыс көзі, — дейді фотограф.
Кейіпкеріміз фото түсірудегі негізгі элементтерге де тоқталды.
— Суретке түсіру кезінде әрбір элементтің өзіндік рөлі бар. Жарық — атмосфераны, фотоаппарат — сапаны, ал локация — суреттің мазмұнын ашады. Бұл ретте фотографтың рөлі режиссерге ұқсайды. Барлығын үйлестіріп, қажетті эмоцияны, дұрыс ракурсты, сәтті кадрды табу — басты міндет, — дейді студия қонағы.
Шығармашылық тоқырау жиі болатынын айтқан фотограф кейде қара жұмысшы болып кеткісі келетінін жасырмайды.
— Кейде «фотограф болуды қойсам ба?» деген ойлар да келеді. Себебі шығармашылық адамда тоқырау болады. Тіпті кейде қара жұмыс істегің келетін кездер де кездеседі. Бірақ бұл салаға келген адамның кетуі қиын. Себебі кеткендердің көбі бәрібір қайта оралады, — деп түйіндеді Ардагер Сәтбаев.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын жаңаөзендік фотограф қарақұтандардың ұя салғанын таспалағанын жазған едік.